26 там, 2020 сағат 12:45

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары 160 офицер мен сержантқа толықты

Қазақстанның десанттық–шабуылдау әскерлерінде биыл келген жас офицерлер мен сержанттардың оқу-әдістемелік жиыны басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Олар Қазақстандағы және шет елдердегі әртүрлі әскери оқу орындарының түлектері.

Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты - лейтенанттар мен сержанттардың кәсіби деңгейін көтеру, қосымша білім мен практикалық дағдыларын қалыптастыру.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров әскери қызметшілермен кездесіп, десанттық – шабуылдау әскерінің міндеттері туралы айтып берді. Жеке құраммен жұмыс кезіндегі негізгі бағытты ұсынды.

Алғашқы күннен бастап жас офицерлер мен сержанттарға жауынгерлік дайындық сабақтары өтіп жатыр. 

«Мен бала кезімнен мен десантшы болуды армандадым. Енді міне арманым орындалды. Десантшы болу оңай емес, темірдей тәртіпке, бұйырыққа үйрену қажет. Мен барлық қиындықтарды жеңуге дайынмын», - деді Құрлық әскерлерінің Әскери институтының түлегі, лейтенант Райымбек Амангелді.