21 сәу, 2025 сағат 14:53

Денсаулық маңызды: Марафоншы жүрегі жарты жолда неге тоқтайды?

Фото: ahotu.com


Кеше Алматыда Almaty Half Marathon өтті. Бұл жарысқа 40-тан астам елден 10 мыңға жуық адам тіркелген. Бағдарламада әдеттегідей жартылай марафон (21,1 км), 10 км қашықтығы, скандинавиялық жүріс және командалық эстафета бар.  Осы шара кезінде екі қазақстандық көз жұмды. Дәрігерлер өмірін сақтап қала алмаған екі жүгірушінің де оқиғасы бір сағат ішінде болған. Осы орайда Ult.kz тілшісі Marathon кезінде қайтыс болған қазақстандықтарды анықтап көрді.


Кешегі Almaty Half Marathon барысында қайтыс болған екі азамат — 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади.


«Екеуі де жартылай марафон (21,1 км) қашықтығын жүгіріп өтіп жатқан және жарысқа тұрақты түрде қатысып жүрген жандар», — деп хабарлайды «Смелость быть первым» қоры.


Алдын ала мәлімет бойынша, екі азаматтың өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Алайда нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды.


Елімізде соңғы жылдары бұқаралық жарыстар танымал бола түсті. Оған кәсіпқойлар да, әуесқойлар да қатысады. Мұндай жарыстарға қатысу алдында толық медициналық тексерістен өтуді көбі елемей жатады. Біз осыған дейін осындай шараларда денсаулығы күрт сыр беріп, мезгілсіз қайтыс болғандарды хронологиясын тізбектеп көрдік.


2017 жылы Маңғыстау марафоны аясында 50 шақырымдық велошеруге қатысқан 34 жастағы Саян Кеншімбаев қайтыс болды. Оның жақындарының айтуынша, марқұм кәсіби спортшы болмаған.
2018 жылғы Алматы марафонында студент Максим Королев қайтыс болды. Ол мәре сызығына бір блокпен ғана жеткен жоқ. Дәл осы жылы Алматыда қысқы ашық біріншілік өтіп, қырғызстандық 14 жасар оқушы бессайыс кезінде қайтыс болған.
2019 жылы Adrenaline Nomad Race экстремалды жарысының қатысушысы Дәулет Бейсембаев қашықтықтың алғашқы шақырымында қайтыс болды. Кенет денсаулығы сыр берген спортшыны дәрігерлер құтқара алмаған.
2022 жылы Алматы марафоны кезінде «Samruk Energy» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Рүстем Садықов қайтыс болды. Оған дер кезінде жүрек-өкпе реанимациясы жасалғанымен, аман алып қалу мүмкін болмаған.
2023 жылы Алматы облысында өткен Tengri Ultra экстремалды жарысында Руслан Жолдыбаев қайтыс болды. Мәреге бірнеше метр қалғанда ауырып қалған 41 жастағы қатысушыны құтқару мүмкін болмаған.


Айта кетейік, Алматыда өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза табуы – ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеп, қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтты.


«Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды», – деді министр.


Сараптама барысында қатысушылардың денсаулығы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты қарастырылады. Осы орайда, дәрігер Майра Алпысқызы марафонға қатысу үшін денсаулықты толық тексерістен өткізу керегін атап өтті.


«Марафонға қатысар алдында терапевтке барып, бейінді дәрігерлерге жолдама алып, олардың ұсынымдарын орындау керек. Ұзақ қашықтыққа жүгіруді жоспарлап отырғаныңызды дәрігерге ескерту қажет. Қатысушы өз жағдайын қадағалағаны жөн. Суық тию, сырқаттану, улану анықталса,  жүгіруге қатыспаған абзал. Сонымен қатар, шара алдында жақсы ұйықтап, тынығу қажет. Жарыс алдындағы түні алкоголь ішімдіктерін пайдалануға мүлдем тыйым салынады. Жүрек, бүйрек, қан қысымы бәрін тексертіп, олардың жарысқа қатысуға жарамды екеніне сенімді болу керек», – дейді Майра Алпысқызы.


Иә, марафонды толық жүгіріп шығу әркімнің қолынан келе бермейді. Мамандардың айтуынша, оған кем дегенде жарты жыл дайындалу керек. Қазіргі таңда «әуесқойларды марафонға үш айда дайындаймын» дейтін бағдарламалар көп. Мұның бәрі адамның организміне, денсаулығына, тамақтануына байланысты. Марафон деген көпшілікпен бірге жолға шығып, белгіленген қашықтықты жай жүгіріп өту емес. Марафонда жүгіру ағзаға ауыр жүктеме түсіреді. Кез келген адамның жүрегі мұндай ауыртпалықты көтере бермейді.

Ақбота Мұсабекқызы