Фото: ЖИ
Қазақстанда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарына арналған жаңа норма енгізілді. Жұмыс тобының отырысында қабылданған бұл түзету арқылы енді дарынды жастар «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде бакалавриат деңгейінде білім алуға мүмкіндік алады. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Бұған дейін «Болашақ» тек магистратура мен докторантура деңгейіндегі оқуды қаржыландыратын. Алайда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарына қолдау көрсетілмегендіктен, көптеген талантты оқушылар әлемнің жетекші университеттерінен ұсыныстар алып, шетелде оқып, сол жақта тұрақтап қалатын еді.
"Сәйкесінше, енді «Болашақ» бағдарламасы ең дарынды оқушылар үшін бакалавриаттан бастап қолжетімді болады. Бұл – жас таланттарды қолдап, оларды елде ұстауға мүмкіндік беретін маңызды жаңашылдық. Олар әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, кейін елге оралып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосады", - деп жазды Аймағамбетов.
Депутат бұл тек дарынды балалардың болашағына инвестиция ғана емес, елдің стратегиялық дамуында маңызды рөл атқаратын шешім екенін атап өтті.