22 ақп, 2022 сағат 13:36

Дәрігерлердің кінәсінен мүгедек болып қалған тұрғын сот арқылы 7,5 миллион теңге өндіріп алды


Ақмола облысында дәрігерлердің кінәсінен 1-ші топтағы мүгедек болып қалған 62 жастағы тұрғын сот арқылы 7,5 миллион теңге көлемінде моралдық зиянды өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облыстық сотының судьясы, БАҚ-пен жұмыс үйлестірушісі Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, аязда үсітіп алған екі аяғы ауырған 62 жастағы ер адам 2021 жылдың 5-ші қаңтарынан бастап, бес рет ауруханың қабылдау бөліміне дәрігерлерден көмек сұрап барған. Алайда, дәрігерлер оған көмек көрсетуден бас тартқан. 

Тек сол жылдың 9-шы қаңтарында ғана ер адам ауруханаға «COVID-19 коронавирустық инфекциясы, орташа ауырлық. Ілеспе ауру: білек пен аяқ аймағындағы тіндердің некрозымен үсік шалу, екі аяқтың екінші дәрежелі үсуі» қорытынды диагнозымен жатқызылды. 

«Науқаста жедел прогрессивті инфекция және екі аяғының дымқыл гангренасы дамығаны ескеріліп, 2021 жылдың 11-ші қаңтарында дәрігерлердің кеңесінде тізе буынынан жоғары ампутация үшін ота жасау туралы шешім қабылданды. Осылайша, ер адам тек төртінші күні ауруханаға жатқызылып, ал алтыншы күні ота жасалды», - деді Нұржамал Жұмағұлова. 

Науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетпегендіктен, толық тексермегендіктен, оның жай-күйін толық бағаламаудан, сондай-ақ, 2021 жылғы 5 және 7 қаңтарда бірнеше рет жүгінген кезде ауруханаға жатқызуды кейінге қалдыру және әрекетсіздік салдарынан науқастың аяғына ампутация жасалып, мүгедектіктің 1-ші тобы берілді. Бұл сараптамалық қорытындымен және аурухананы жоспардан тыс тексеру актісімен расталады. 

«Науқас ауруханаға моральдық зиянды өтеу туралы сотқа жүгінді. Моральдық зиянның мөлшерін анықтау кезінде бірінші сатыдағы сот ер адамның депрессия, қорлау, үмітсіздік, залал, дәрменсіздік, жайсыздық, депрессиялық күйде болу сезімдерінен көрінетін моральдық және физикалық азапты бастан кешіргенін ескерді және ұтымдылық пен әділеттілік қағидаттарын ескере отырып, оның пайдасына ауруханадан 7 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді өндіріп алды. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, аурухана оның күшін жоюды және талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Алайда, апелляциялық соттың қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалды, аурухананың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады», - деп толықтырды Нұржамал Жұмағұлова. 

Аурухананы жоспардан тыс тексеру материалдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен шешім қабылдау үшін Көкшетау қаласының полиция басқармасына және Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасына жолданды. 

«Ақмола облысы полиция басқармасы тергеушісінің қаулысына сәйкес аурухананың медицина қызметкерлерінің медициналық көмекті тиісінше көрсетпегені туралы сотқа дейінгі тергеу материалы бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Тексеру нәтижелері бойынша қабылдау бөлімінің кезекші дәрігерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы дәлелдер ұсынылмаған. Бұйрықтардың үзінділері бойынша хирургия бөлімшесінің дәрігерлерімен еңбек шарты бұзылды», - деп түйіндеді Нұржамал Жұмағұлова.