25 мау, 2021 сағат 11:00

COVID: Қазақстанда тағы 1445 науқас анықталды, 18 адам қайтыс болды


Кеше, 24 маусымда 1445 адамның коронавирус анализі оң шықты. Екі күн бұрын 78 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 18 адам қайтыс болған: 13 адам - коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Елде коронавирустың "үндістандық штамы" анықталған шақта науқастардың қайта көбейгені байқалады. Нұр-Сұлтанда 27 маусымнан бастап карантин қайта күшейеді. Қалада адам көп қатысатын той, мерейтой, еске алу шараларын өткізуге болмайды. Митинг, шеру өткізуге де тыйым салынады. Қоғамдық орындарда оның ішінде, қоғамдық көлік, рұқсат етілген ашық нысандарға барған кезде тұрғындар маска тағуға міндетті, антисептик қолданып, ара қашықтықты сақтауы тиіс. Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандар клиенттерін сол қосымшаның көмегімен кіргізуге міндеттеледі. Бұған дейін Павлодар облысында да карантин күшейген еді.

Бейсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 506, Алматыда – 181, Қарағанды облысында – 147, Ақмола облысында – 33, Алматы облысында – 37, Павлодар облысында – 49, Батыс Қазақстан облысында 70 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 50, Атырау облысында – 61, Шығыс Қазақстан облысында – 87, Жамбыл облысында – 31, Ақтөбе облысында – 20, Қостанай облысында – 34, Қызылорда облысында – 31, Маңғыстау облысында – 41, Солтүстік Қазақстан облысында – 25, Түркістан облысында 33 науқас тіркелген.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 414 712 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4281-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққандар 56 786 адамға жетті. 3437-і көз жұмған деп айтылады. Елде коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген.

Қазір 22 325 адам коронавирустан емделіп жатыр. (21 мыңнан астамының ПТР тесті оң шыққан). Стационарда 6738 адам емделіп жатыр. 15 587 адам амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жүр. 409 адамның жағдайы ауыр, 104 пациенттің жағдайы өте ауыр, 68 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Қазақстанда 2 млн 997 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 829 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Билік халық ынтасын арттыру үшін вакцинаға келушілер арасында Ресейдегідей көлік, пәтер ойната бастады. Бірақ әр жерде "жалған вакцина" алушылар туралы да ақпарат жиілей бастады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 179 млн 942 мың адамнан коронавирус анықталған. 3 млн 898 мың адам қайтыс болған.