12 нау, 2021 сағат 10:34

COVID-19-бен қатты ауырған петропавлдық инфекцияға көпке дейін сенбей келгенін айтады

Коронавирусты жұқтырып, бір айға жуық қатты ауырған Петропавл тұрғыны Оксана Кропачева басынан өткен жағдайды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петропавлдың 35 жастағы тұрғыны Оксана Кропачеваның айтуынша, ол бірінші рет коронавирусты 2020 жылдың шілде айында жұқтырған. 

«Біз қызым екеуіміз Омбыдағы медициналық орталықтардың бірінде тексерілуіміз қажет болды. Шекарадан ПТР тест нәтижесінсіз өткізбеді. Ал сол кезде бұл тесті жасату қат еді. Мен өту үшін медициналық мекемелерге жиі барып тұрдым, сол жерде жұқтырдым деп ойлаймын. Өйткені, онда мен сияқты кезек күтіп жүрген адамдар көп болды», - дейді Оксана Кропачева.

Ол кезде ауру жеңіл өтіп, әйел газдалған сусындардың және кей жеміс-жидектің дәмін сезбеген. Тапсырған тестіі қызы екеуінде де оң нәтиже көрсетіп, екі ай үй карантинінде отырады. 

«Қараша айында екінші рет ауырдым. Алдымен бүйрегімнің қысымы көтерілді. Бұған дейін бүйрегім мүлдем ауырған емес. Өзімді жайсыз сезіндім. Бүйрегімнің қысымы түсісімен дене қызуым көтерілді. Мен отырып-тұрудан қалдым. Жөтел басталды. Бір ерекшелігі – жөтелгенде аузымнан көбік шығатын. Дәрігерді шақырып, тексеріле бастадым. Тексеруге қан ала алмады, ол ұйи берді. Тромбоциттің жоғары болуынан, қан тамырлары тарылып, қан айналымы нашарлады. Салдарынан басым ауырып, жаным көзіме көрінді. Мүлдем дәм, иіс сезуден қалдым. Сол себепті тамақ іше алмадым, лоқсып, құсумен болдым», - дейді келіншек. 

Оксананың танысы соның алдында ғана коронавирус жұқтырып, салдарынан бүйрегі жұмыс істемей қалған екен. Көп уақыт өтпей комаға түсіп, қайтыс болған.

«Не жүре алмайсың, не жата алмайсың, не тамақ іше алмайсың – бұл өте қорқынышты. Бұған дейін жарты жыл бойы мен коронавирустың бар екеніне, оның қауіпті екеніне мән бермесем, ауырғанда бір ай есімді жия алмадым. Оның салдарын әлі тартып келем, қазірдің өзінде маған демалу қиын. Тамағым ісе береді, жөтелден де толық құтылған жоқпын», - дейді Петропавл тұрғыны. 

COVID-19-ды жұқтырып, қауіпті инфекцияның бар зардабын тартқан әйелдің бүгінде тұрмыс салты өзгерген. Жаңа әдеттерді қалыптасыруына тура келіпті. 

«Қазір қоғамдық орындарда маскамды тастамаймын. Қолымды сабындап жуып отыруды әдетке айналдырдым. Тауарды үйге жеткізіп беретіндердің қызметіне жүгінуге тырысамын. Ал дүкенге баратын болсам адам аз уақытты таңдаймын. Өйткені мен қорқамын. Мен өліп қалсам балаларым не істейді, ананың орнын ешкім баспайды. Әлі күнге дейін бұл вирустың барлығына сенбейтіндер бар. Мен де солардың бірі болғам. Бұл – өте қорқынышты ауру, сақтансаң сақтаймын деген, санитарлық талаптарды сақтайық», - дейді Оксана Кропачева.