28 қаң, 2024 сағат 12:39

Бүркітші Айшолпанның отбасы Қазақстанға көшіп келді

Фото: ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі

Әлемге әйгілі бүркітші, отандасымыз Айшолпанның отбасы елге көшіп келді, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мен Қазақстандамын, бір аптадай бұрын ата-анам мен бауырларым көшіп келді. Өзім Алматыдағы Сулейман Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 4 курста оқып жатырмын. Қазір мамандығым бойынша жұмыс қарастырып жатырмын», - деді Айшолпан Kazinform тілшісіне ұялы телефон арқылы берген сұхбатында.

Сондай-ақ, отандасымыз бүркіт өнерін тастамағанын айтты.

«Оқу мен бүркітпен айналысуды қатар алып жүрмін. Аптасына бір рет айналысамын. Жарыстарға қатысып жүрген жоқпын, тек қонақ ретінде барамын. Себебі оқудан қол тимейді», - дейді бүркітші қыз.

Еске сала кетсек, 2018 жылы қарашада бүркітші Айшолпан туралы фильм шықты. 

2019 жылы Моңғолия композиторы жерлесіміздің құрметіне өз туындысын арнаған еді.