11 нау, 2021 сағат 10:37

Боранда адасып кеткен жасөспірімді тауып, құтқарған екі қарағандылық полицей марапатталды

Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Жаңаарқа ауданында далада боранды күні жоғалып кеткен жасөспірімді іздеп тапқан екі полицейге награда табыс етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аппараттық кеңес басталар алдында Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков пен Жаңаарқа полиция бөлімінің кезекші-полицейі Қаби Өскенбаевқа ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін табыс етті. Полиция қызметкерлері ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен далада адасып кеткен жасөспірімді құтқарғаны үшін марапатталды.

Сондай-ақ Ерлан Файзуллин полицейлерге 100 мың теңге көлемінде сыйлық табыстады.

«Ұзақ уақыт бойы шаршағанына, суыққа қарамастан біздің қызметкерлер жоғалған баланы іздестірді. Олардың өжеттілігінің, әр азаматқа деген қамқорлығының, табандылығының арқасында жасөспірім құтқарылды. Оларға құрмет және мадақтауға лайық!»- деп атап өтті облыстық ПД бастығы.

«Қиын болды, бірақ біз баланы табу үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауымыз керек деген ой жібермеді. Қуанышымызға орай оны таптық. Біздің орнымызда әрбір полицей осылай істейтін еді», - деді Жұбаныш Жүнісбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне екі күн бұрын қыстақтың бірінен 16 жасар жасөспірім кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Осы ақпаратты алған полицейлер толық ауқымды жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды, оларға қолда бар барлық күш пен техника тартылды. Сол күні полицейлер Жұбаныш Жүнісбеков пен Қами Өскенбаев далада жасөспірімді тауып, оны ата-анасына жеткізді.