16 ақп, 2021 сағат 15:13

БҚО-ның жедел жәрдем қызметтеріне 20 реанимобиль сатып алынды

Батыс Қазақстан облысында жаңадан 20 реанимобиль сатып алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған автокөліктер индустриялық даму қорымен жасалған келісімге сәйкес жеткізілді.

Соның ішінде 7 автокөлік Бөкей ордасы, Бөрлі, Қазталов, Тасқала және Шыңғырлау аудандарының тұрғындарына жедел көмек көрсету үшін аудандық стансаларға жіберілді.

 

Осылайша соңғы алты айда облыста 57 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынып, соның бірқатары 12 ауданға бөлінді.

Күні бүгін облыстық жедел жәрдем стансасындағы санитарлық көліктер саны 116-ға жетіп, техниканың тозуы 40 пайызға дейін азайды. Дегенмен әбден тозған 26 автокөлік есептен шығаруды қажет етеді. 

Аталған жедел жәрдем стансасының материалдық-техникалық базасының жақсаруы апатқа ұшыраған, сондай-ақ қазіргідей әр минут маңызды індет кезінде адамдарға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.