16 сәу, 2021 сағат 10:17

БҚО-дағы сексуалдық сипаттағы қылмыс: мектеп директорының ісі сотқа берілді

Батыс Қазақстан облысында сексуалдық сипаттағы қылмысқа байланысты мектеп директорының ісі сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өгей қызына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған Жаңақала ауданының тұрғыны Жақсыбай Сұлтанов 22 жылға сотталған болатын. 

Сот сонымен қатар білім беру мекемесі қызметкерлері мен шаруа қожалығы басшысының жауаптылығын тексеру үшін БҚО прокуратурасы атына жеке қаулы қабылдаған еді.

Қыз бала Жаңақала мектеп-гимназиясында оқыған. Мектеп-гимназия директоры Лариса Қожахметоваға ҚР ҚК 434-бабына (қылмыс туралы хабарламау) сәйкес айып тағылып отыр. 

Жаңақала аудандық білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, аудандық соттың қаулысына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуіне байланысты Л.Қожахметова биылғы 25 наурызда қызметінен шеттетілді.