03 нау, 2021 сағат 13:21

БҚО-да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген аудан әкіміне сөгіс жарияланды

БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтіп, онда өз қызметтік міндетін орындамаған лауазым иелеріне сын-ескертпе айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеңесте өңір басшысы бәрінен бұрын тұрғындар қауіпсіздігін сақтау аса маңызды екендігін, сондықтан жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында барлық шараларды алу қажеттігін атап көрсетті. 

Жиында өткен жылғы және биылғы жол-көлік оқиғаларына талдау жасалды. 

БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің мәлім еткеніндей, биылғы екі айда автокөлік руліне мас күйінде отырған 300-ден астам жүргізуші, соның ішінде 46-сы қайталап жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кінәсі салдарынан 3 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 1 адам қаза тауып, 11-і жарақат алды. 

Өңірде малдың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында барлық ауданда бетімен жүрген мал қамалатын 64 орын белгіленді. 

Мал жаю ережесін бұзғаны үшін өткен жылы 1600-ден астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

«Егер өткен жылы малдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өлімі тіркелмесе, биыл қайғылы жайт орын алды. Жуырда ғана, 28 ақпан күні Сырым ауданы аумағында ВАЗ-21011 автокөлігі жылқыға соғылып, соның салдарынан жолаушы оқиға орнында көз жұмды», деді Жаншин.

Мал иесі анықталды, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. 

Ж.Жаншиннің сөзіне қарағанда, облыста бетімен жүрген малды қамайтын 64 орын белгіленгенімен, болған оқиға олардың қағаз жүзінде екендігін көрсетті. 

Сырым ауданында осындай 15 орын шын мәнісінде жұмыс жасамайды. Ауылдық округ әкімдері бұл мәселені түпкілікті шешпеген, жауапты адамдар белгіленбеген. 

Соның салдарынан мал жол бойында емін-еркін жүреді. 

Осыған орай өңір басшысы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке сөгіс жариялады. 

Кеңесте сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жиі болатын республикалық маңызы бар Орал-Атырау жолын қайта құру жайы да айтылды. 

Қазіргі кезде бұл жолды ортасын бөле отырып, 3 техникалық санаттан 1-санатқа ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау көзделуде. 

«Өткен аптада Орал-Атырау жолында 4 жол апатынан 12 адам қаза тауып, 8-і түрлі жарақат алды. Талдау көрсеткеніндей, олардың бәрі жолдың нашар көрінуі жағдайында жүргізушілердің қауіпсіздікке көз жеткізбестен, алда кетіп бара жатқан көлікті басып озамын деп, қарсы бетке шығып кетуінен болған. Егер жолдың екі ортасы бөлінсе, автокөліктер бетпе-бет түйіспес еді», деді Жаншин.