22 ақп, 2021 сағат 13:28

БҚО-да медицина қызметкерлерін коронавирусқа қарсы екінші қайтара егу басталды

Батыс Қазақстан облысында медицина қызметкерлерін коронавирусқа қарсы екінші қайтара егу басталды, деп хабарлайды БҚО денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарма басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірге 1 мың доза вакцина әкелінді.

Оның айтуынша, 1 ақпаннан бастап егілген медицина қызметкерлері екінші рет екпе алатын болады. Олардың қатарында жұқпалы аурулар стационарлары, ауруханалардың қабылдау және жансақтау бөлімшелері және жедел жәрдем стансасының қызметкерлері бар. Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, алғашқы кезеңде өзін әлсіз сезінген, қызуы бар адамдар егілген жоқ. Ал екпеден өткендер арасында асқыну болған жоқ.

«Облыста медицина қызметкерлерін екпемен барынша қамту көзделуде. Өткен жылы олардың арасында коронавируспен ауырғандар аз болған жоқ. Ауыр түрімен ауырғандар жарты жылдан кейін, жеңіл сырқаттанғандар бір-екі айдан соң егіле алады. Жуырда тағы 1250 доза вакцина жеткізілмекші. Наурыз айында медицина қызметкерлеріне қоса педагогтар да егіле бастайды», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 мың адамға екпе салынғанын, соңғы төрт күнде 248 адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.