23 ақп, 2019 сағат 16:31

Бизнес саласындағы көп кедергілерді цифрлық көмекші қалай шешпек?

Бизнесті дұрыс басқармау, бұрыс шешімдер қабылдау, кадрлық саясат, кәсіпкерлерді қорғайтын қаржылық жүйенің жоқтығы – еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп келеді. Ал экономистер қауымы болса шағын кәсіпкерлікте мынадай мәселелер бар дейді: қаржылық көрсеткіштерді нақты жоспарлай алмау, мықты маманның тапшылығы, өкілеттіліктерді орынды бөле алмау деп кете береді. Осы ретте, сарапшылар бизнес-элитаға жаңа технологияларды қолданған жөн дейді. Өйткені, компания басшысы физикалық тұрғыдан бәріне шамасы жетпейді. Ал жаңашылдықтар болса қызмет көрсетудің жаңа форматын қалыптастырады әрі жаңа тауарлар шығаруға ықпал етеді.

Заманауи Қазақстанның қалыптасуына шағын және орта кәсіпкерлік едәуір әсер етті. Олай дейтініміз, дәл осы сала экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Бұл ретте, көптеген аналитикалық орталықтар аталған сала экономиканың 40-50 пайызын алуы қажет деп санайды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерліктің Ұлыбританиядағы көрсеткіші – 64 пайыз. Германияда – 58 пайыз. Ал Голландияда – шамамен 51,5 пайызды құрайды екен. Алайда осындай үлкен көрсеткіштерге еліміз әлі жете қоймады. Десе де, бұл жолда бірқатар кешенді жұмыстар легі жасалып жатыр.  Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі – осы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оны ілгерілету – экономикалық әлеует пен әлеуметтік әл-ауқаттың артуына арқау болады. Яғни, ел тұрғындарының жағдайы жақсарып, тұрмыс сапасы артады.

Кәсіпкерліктің кез келген түрі икемді басқаруды талап етеді. Себебі, дәл осындай жүйе дамуға апарар даңғыл жол іспеттес. Үнемі жаңа шешімдер іздеп, оны қабылдау да кәсіпорынның алға жылжуына жағдай жасайды. Осыған байланысты және жоғарыда аталған проблемаларға цифрлық платформа қалай көмектеспек?

2018 жылдың тамызында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін «Қазақтелеком» АҚ бастамасымен цифрлық платформа іске қосылды. Ол бүгінде Ismet.kz деген атаумен белгілі. Қызметтері де көп қырлы. Алдымен осыған ұқсас платформалардың әлемдегі жағдайына назар аударсақ.

Әлемдік ахуал

Жалпы алғанда, әлемдегі цифрлық экономиканың дамуына инновациялар ықпал етеді. Әсіресе, бизнес саласына инновациялардың енуі – көптеген оң өзгерістер әкеледі екен. Сол себептен халықаралық қауымдастықтар цифрлық платформалар бойынша жұмыс жасауды үдете түсуде.

Мұндай цифрлық платформалар әлем елдерінде кеңінен қолданыста. Нәтижесінде,  олардағы бизнес процесс жақсарған әрі дамыған. Сәйкесінше, экономикалық әлеуеттері артқан. Мәселен, Үндістандағы «Аадхаар» ақпараттық жүйесі күрмеуі қиын түйткілдердің түйінін шешуге атсалысыпты. Ал M-Pesa деген цифрлық платформа болса Кения және көптеген елдерге қаржы және бизнес саласы бойынша пайдасын тигізуде. Яғни, бүкіл процесті автоматтандырып, қаржы саласына ауқымды инновациялар легін әкелуде. Нәтижесінде, мемлекеттің дамуына жаңа серпін беріп, компаниялар жұмысының табысы артуда.

Қазақстандағы жағдай

Еліміздегі кәсіпкерлікке арналған цифрлық платформаларға келер болсақ, Ismet.kz ашық алаңы. Ол кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Басты артықшылықтары – уақытты үнемдеуі әрі қолмен жасалатын жұмыстарды болдырмай, пайда әкелуі. Мұндағы барлық операциялар тапсырыс бойынша компьютер немесе смартфон арқылы жүргізіледі. Электронды цифрлық қолтаңбамен расталады. Бұл дегеніміз – бүкіл жұмыстардың заңды болуы.

Ismet.kz-тің көмегімен шағын және орта бизнес субъектілері өз өнімдерін ілгерілете алады. Сондай-ақ, басқа жеткізушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып ала алады. Портал интерфейсіне келсек, ШОБ иелеріне жеке кабинет беріледі. Бұған қоса, цифрлық қызметтерге, ақпараттық қызметтерге қол жеткізуге қосымша кері байланыс функциясы ұсынылады.

Оның қызметтері шағын және орта кәсіпкерліктегі кедергілерді жоюға бағытталған. Мәселен, ұтымды басқару, жүйелі қаржылық система, санаулы минуттарда-ақ жасалатын онлайн құжаттар, әрі олардың заңдылығы, тегін жарнамалық қызмет, жаңа нарық көздері, сапалы мамандар, тиімді цифрлық кеңес, несие бөлу, аудит, ұлттық бухгалтерлік есеп пен аппараттық кассалық есеп және т.б. Ал аналитикалық қызметі болса оң шешім қабылдауға ықпал етіп, мәселелерді болдырмай, тіпті алдын алады. Цифрлық диалогы болса бизнес пен мемлекеттік байланысты жақсартып, мемлекеттік қолдауды күшейтеді әрі өзара қатынасты дамытады. Дегенмен, 2020 жылға қарай мұндай қызметтер саны – 250-ді құрайды деп күтілуде.

Ismet.kz-тің мүмкіндіктері қандай? Және елдегі экономикаға қалай үлес қосады?

 Біріншіден, кәсіпорынды функциялау жеңілдейді. Екіншіден, елдегі электрондық қызмет пен электронды сауданың дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлердің саны артып, олардың ісі өркендейді. Бұның нәтижесі – экономикалық және әлеуметтік өсім арқылы көрініс табады. Төртіншіден, ол кәсіпкер үшін таптырмас бизнес-кеңесші. Олай дейтін себебіміз, бизнес бойынша туындайтын кез келген мәселеге төтеп бере алады. Яғни, қазіргі шындықтарға жауап беруге қауқары бар. Бесіншіден, аталған ашық алаң арқылы бизнесті тиімді басқаруға болады. Атап айтқанда, тасымалдау саласындағы электрондық бақылаудың арқасында көп кедергілердің алдын алуға болады.