
Биыл еліміздің 8 өңірінде балаларды оңалту орталықтары ашылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі уақытта министрлік (Білім және ғылым министрлігі) мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сонымен қатар арнаулы білім беру ұйымдарын құрал-жабдықтармен және жиһазбен жабдықтау нормасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. «Қамқорлық» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры бастамасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы аясында медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін 2020 жылы 8 өңірде медициналық ұйымдардың базасында жаңа медициналық жабдықтармен жабдықталған балаларды оңалту орталықтары ашылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, биыл еліміздің тағы 8 өңірінде, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында дәл осындай балаларды оңалту орталығын және Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарынлда 2 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған.
«2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 10 өңірде (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында) балаларды оңалту орталықтарын ашу көзделген», - деді Асқар Мамин.
