14 қар, 2024 сағат 17:26

Биыл елімізде 2 мыңнан аса адам жол апатында қаза тапқан

Фото: Pexels.com

Биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркелді, онда 2 мың адам қаза тауып, 25 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жол апаты мен жарақат алғандар көрсеткіштерінің өсуі жол көлік оқиғаларын есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты. Қазір денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адамдар есепке алынады. 

"Жүргізуші тәртібіне де бақылау күшейтілді. 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталды, 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу деректерінің жолы кесілді. 25 мыңнан астам жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 20 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. 400 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды", – деді спикер. 


Сұлтанбаевтың есебі бойынша биыл 10 млн астам жол ережесін бұзушылық анықталған, бұл былтырғы жылға қарағанда 3 млн-ға артық. Ол үшін автоматты түрде тіркеу камералары белсенді қолданылады. Олардың көмегімен 7 млн астам жол ережесін бұзғандар анықталды.

Сондай-ақ автокөлік жолдарын күтіп ұстауға және жол жүрісін ұйымдастыруға қатысты жұмыс күшейтілді. 38 мыңнан астам тексеру жүргізілді, жолдарды күтіп ұстауда 36 мыңнан астам кемшілік анықталды.5,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда жолдарды күтіп ұстау қағидаларын бұзғаны үшін ең төменгі айыппұл – 55 380 теңге.

«Жолдағы адам шығыны апаттың негізгі үш түріне байланысты, олар:  автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы; жаяу жүргіншілерді қағып кету және аударылу. Осы себептер бойынша болған адам шығыны жалпы жол апатында қаза тапқандардың 73% құрайды. Апаттың осы үш түрінің негізгі себебі – жылдамдықты арттыру. Жылдамдық режимін бақылаудағы тиімді шешім автоматты камераларды қолдану болып табылады. Олардың саны бүгінде шамамен 25 мыңға жуық.  Оның ішінде, елордада – 6 мыңнан астам, Алматыда – 9 мыңнан астам және Шымкентте – 2 мыңға жуық бірлікті құрайды», – деді ведомство өкілі.