Коллаж: Ult.kz
Жуырда белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай әлеуметтік желіде ерекше акция жариялаған болатын. Акцияның жалғыз шарты – жаңа туған сәбиге Құнанбай есімін қою. Ол алғашқы 10 балаға 300 мың теңгеден (жалпы қоры 3 млн теңгені құрайды) сыйақы тағайындады. Осы орайда Ult.kz тілшісі бастамашы азаматты аз-кем әңгімеге тартты.
Мақсатым – «хайп» емес, Құнанбай есімін жаңғырту
Журналист өзінің мақсатын ақша таратып «хайп» жасау емес, Абайды – Абай қылған Құнанбайдың есімін қайта жаңғырту екенін айтты. Өйткені қазір қазақ баласының атын өсіп-өнсін деп Өскенбай, мықты болсын деп Мықтыбек қоймайтын болған.
«Қазір өзімнің замандастарым кішкентайлары дүниеге келген кезде есімін мағынасы жоқ, қазаққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын бір есімдерді қояды. Ол үйде қуаныш, той болып жатқанда қырқынан жаңа шыққан балаға «есімін неге бұлай қойдың?» деп әке-шешесіне айта алмайсың ғой. Іштей қынжыласың, әттеген-ай дейсің. Өзге мемлекеттің тауларының атын қойып жатады, сол жақтағы жетістікке жеткен заманның замананыдағы адамдардың атын қояды. Ол адам болды ма, болған жоқ па, бір Құдай біледі.
Содан кейін қазақтың соңғы болыстарының бірі, палуан болған, қаншама қазақты кезінде жарылқаған есімінен ат та, адам да үркіген Құнанбай атамыздың есімі бізде жиі қойылмайды екен. Оны өзім де байқап жүрмін. Содан кейін нәрестенің есімін Құнанбай деп қойса дедім. Құнанбай деп қойыңыздар деп сөзбен айта салу оңай ғой. Әр Құнанбай деген балаға 300 мың теңгеден берсем деп шешім қабылдадым. Яғни оның да өзінің шектеуі бар. Әзірге 10 Құнанбайдың есімін айттым, наурыз айынан бастап. Қазір бір айдың ішінде наурыз айында 4 Құнанбай дүниеге келді. Оның біреуі – Түркістан облысынан, екіншісі – Қарағанды облысынан. Бұл екі сәбидің 300 мың теңге сыйақыларын жіберіп қойдым. Енді кеше ғана 2 Құнанбай дүниеге келіпті, біреуі – Петропавлдан, екіншісі – Жамбыл облысынан. Бұл балалардың сыйақысын енді жіберемін. Бұл қандай стимул, қандай керемет!», – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Есімді сатып алу емес, жас отбасыларды қолдау
Журналистің айтуынша әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірлердің саны жоқ. Тіпті аяғы ауыр келіншектер, "баламның атын Құнанбай деп қойсам үлгеремін бе?" деп қызығушылығын танытып жатқан көрінеді.
«Құдай амандығын берсе, бұл шара әзірге 10 адамға арналған, 10 адамға 300 мың теңгеден 3 млн теңгесін беріп тастасам, ары қарай да жалғастыру ойымда бар. Өскенбай деп қойсын, Бесбай деп қойсын, әдемі қазақы есімдер ғой. Одан ешкім жаман болмайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мақсатым, бұрынғы қазақы есімдерді жаңғырту, соның ізін жалғастыруға алтын көпір болу. Заманбек, Алтынбек деген де керемет есім ғой, алдағы уақытта осы есімдерді егіз балаларға қойса, оларға да 300 мың тегеден 600 мың теңге сыйақы беруге болады. Бәлкім, алдағы уақытта Кенесары, Сыдық деп қойғандарды да қолдайтын шығармын. Бұл істің артында да мақсат, мүдде жатыр ғой. Қазақтың соңғы хандарын біз қолдамасақ кім қолдайды?! Кейбіреуілер ақшамен есімдерді сатып алып отыр деп ойлауы мүмкін, кейбір адамдарға ештеңе жақпайды. Қайта әсіресе жас отбасыларды қолдау керек», – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Оның сөзінше балаға жақсы есім қойылса, әрі сыйақы алса жақсы. Сонымен қатар, ол бұл балалар да үлкен азамат болып, ел тізгінін ұстайтынына сенім білдірді.
«Кез келген нәрсе ниетке байланысты, ниеттеніп қойып жатыр. Расында, өзіміздің діңгегімізді өзіміз ешқашан ұмытпауымыз керек. Жан-жаққа еліктемеуіз керек. Біз – қазақпыз. Ешқашан өзіңнің ұлтыңды өзгерте алмайсың. Қазақ болғаннан кейін еліңе, жеріңе қызмет етуің керек қой», – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Ақбота Мұсабекқызы
Оқи отырыңыз: Антропонимика ғылымы: Еліміздегі «біртүрлі» есімдер