Мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартқандар қатаң жазаға тартылады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Мұғалімнің мәртебесі туралы" заң бар, ол мұғалімдер құқығын қорғайды. Мұғалім шықпауға құқылы (сенбіліктерге. - ескерту). Егер міндетіне жат функция екенін түсінсе, онда барлық мұғалім бас тарта алады. Білім және ғылым министрлігі ұстанымында нақты айтылды: біз мұғалімдерді басқа функцияларға тартуға қарсымыз.
Олар қатаң жазаға тартылады, мұғалімдерді қызметіне тән емес жұмысқа тартатындардың бәріне заң аясында шаралар қолданылады. Мұғалімнің бірінші қызметі - балаларға барлық пән бойынша білім беру. Оқыту, тәрбиелеу - мұғалімнің негізгі қызметі. Ешкім мұғалімдерді басқа іс-шараларға алаңдатпауы керек", - деді Каринова ОКҚ брифингінде.
Сонымен қатар, ол журналистер мен жұртшылыққа осы мәселені көтеріп, мұғалімдер құқығын қорғағаны үшін алғысын білдірді.
