2017 жылдың 25-27 шілде аралығында еліміздің айбыны – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының биыл құрылғанына 25 жыл толу құрметіне орай ведомствоның Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінде әскери бессайыстан республикалық жарыс өтті.
Атап айтар болсақ, әуелі бессайысымыз деген не деген сауалдың өзіне ажыратып алғанымыз дұрыс-ақ. Бессайыс дегенміз ол Отан қорғаушылардың арасында кең тараған спорттық шара, спартакиада. Онда спорт түрлерінің бес түрінен жарыс ұйымдастырылады. Онда АК-74 автоматынан нысананы дәлдеп атудан, кедергілерден жүгіріп өтуден, граната лақтырудан, жүзуден және 8 шақырымға жүгіруден жарысу түрлері енгізілген. Қарап отырғандарыңыздай, бессайыстың талаптары оңай емес, оған қатысушыға аса жіті дайындық керек.
Осы жолғы спорт шарасына еліміздің әр түпкірінен келген спортшы әскери қызметшілер өздерінің бапталған бабындағы тұлпардай жарап тұрғандарын танытты. Атап айтсақ, дүбірлі додаға Ұлттық ұланның еліміз бойынша төрт бірдей өңірлік қолбасшылығынан және Петропавл қаласындағы Әскери институтынан 6 бірдей команда қатысты. Алатаудың табиғаты тұнған мекені Қаракемер кентіне ат басын тіреген әскери спортшылар көрерменге бір ерекше рух пен жақсы жарыс өрнегін сыйлай білді.
Шараны ашқан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының спорт және дене шынықтыру бөлімінің бастығы полковник Жанболат Ахметов: «Жалпы, республикалық жарыс шарасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып, Отан қорғау жолындағы жауынгерлік рухты арттыруға, елімізде спорт түрлерін дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және күш-қуат құрылымдары қызметкерлерінің спорттық шеберлігін арттыруға бағытталады», - деп атап өтті.
Биылғы жылы осымен он бесінші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында қатысушы командаларға алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тілеген полковник Ж.Құрбанов: «Еліміздің бағы да, асылы ол мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған егемендікке қол жеткізгенімізге 25 жыл уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ғасырларға жүк болар тау-тау еңбек, өлшеусіз тарихи маңызды істер атқарылды. Біздің осы жылғы өткізіп отырған сайысымызды сол елдіктің қорғаны, ел айбыны – Ұлттық ұланның биылғы жиырма бес жылдық мерейлі тойына қосқан аз да болса үлесіміз деп білемін. Жекпе-жек сайысы мықтылардың сайысы. Осында жиналған жігіттердің осалы жоқ. Сіздердің барлықтарыңызға да сәттілік тілеймін», - деді.
Екі күнге созылған тарландар сайысының жеңімпаздар да анықталды. Доданың көрігін қыздырып, қатарларына спортшыларыды жинақтап келген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы командалық есепте бірінші орынды олжалады. Ал Әскери институттың тарландары екінші межеден көрінді. Әскери қызметшілер арасынан жеке есеп Әскери институттың өкілі майор А.Кулаго мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі А.Терлікбаев өздерінің шапшаңдықтарын, шымыр да икемді, мерген де қағілез спортшылар екендіктерін танытып, көш басын бастады. Жеке көрсеткіштер мен командалық есепте топ жарғандар Бас қолбасшы Кубогімен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы облысы