03 ақп, 2022 сағат 20:50

Батысқазақстандықтар қашаннан бастап жайлы жолмен жүреді?


Бүгін елордада «Еліміздің батысындағы автожолдарда іске асырылып жатқан жобалар: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Шара барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап беруге тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен сөз алған Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының жолдары бүгінде сын көтермейтін жағдайға жетіп, халықтың наразылығын тудырып отырғандығын, жоспарлы жол салу жұмыстарының жүргізілмей жатқанын ашық айтты. 

«Біреулер бүкіл ақша Атырау облысында, мұнда барлық проблема шешілген деп ойлайды. Өкінішке қарай жол сапасы бойынша өңір аймақтардың арасында соңынан санағанда үшінші орында тұр. Бүгінде Астрахан-Атырау жолы аңызға айналып отыр. Президент хаттамасында бұл жолды 2021 жылға дейін бітіру керек деп жазылған. Жол салынып жатқан жоқ, тоқтап тұр. Халық 300 шақырым жердің зардабын тартуда. Не себеп? Кімнен кемшілік кетті? «Құлсары-Мұқыр» жолы да салынбады. Үкімет басшысының менің депутаттық сауалыма берген жауабында Азия даму банкмен келісім жасалып жатқаны, үнемделген қаражатқа аталған жолды салу басталатындығын айтылған еді. Содан бері үш жыл өтті. Жол құрылысының негіздемесі де жасалып бітпеген. 24 млрд, 48 млрд үндемделіп жатыр, бастаймыз дейді. Әлі жоқ. Енді соңғы берген ақпаратта құрылыс жұмыстары 2025 жылға қарай ығыстырылғаны айтылады. Неге?», - деді сенатор. 

Осы орайда Қайырбек Өскенбаев атыраулықтардың жолға қатысты наразылықтарының орынды екендігін айта келе Астрахан-Атырау жолының бірінші кезеңі жүзеге асқанымен екінші кезеңі созылып кеткендігін жасырмады. 

«Оның себебі мынада, Семейде жол жобалау институты бар. Сол институт жолдың жобасын жасағанда жергілікті жердің топырағын құрылысқа пайдалауға қосқан. Ол жобалық-сметалық құжаттамада ескерілді. Ал жұмыс басталғанда топырақ сапасы жол құрылысына жарамайтындығы анықталды. Өйткені, оның құрамында тұз, гипс бар. Мердігер компания мұндай топырақпен жол салған кезде оның сапасы болмайтындығын айтып отыр. Сондықтан институт жазаға тартылып, өз қаражаттарына қайтадан жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Өткен жылы ол құжаттама сараптамадан өтті. Жол қаражаты толық көзделген. Келесі жылы жолды толық бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», - деді министр. 

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев «Атырау-Астрахан» жолының құрылысы тоқтамағанын, қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан, Алматыдан жол құрылысына қажетті материалдар жеткізіліп жатқанын атап өтті. 

«Бұл жол кеңес заманында, 1975 жылы салынған. Қазақстанның сапалы жолдарының бірі еді. Бірақ, кейінгі уақытта Өзбекстаннан транзиттік жүк көліктерінің көп өтуіне байланысты сапасыз болып қалды. Астраханнан Гонюшкинаға дейінгі 60 шақырым жолды құрылымын аяқтадық. Бұл жол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жолдың қалған бөлігіне Еуропалық банктен тартылады», - деді вице-министр. 

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «Құлсары-Мұқыр» жолының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. 

Ол қазіргі уақытта сараптамадан өтіп жатыр. Осы жылдың наурыз айының ішінде ол жұмыс аяқталады. 

Содан кейін жобалау жұмыстары, қаржыландыру көздері анықталады. 

Барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін жол құрылысы 2024 не 2025 жылы басталады. 

Сондай-ақ ол 519 шақырымдық «Атырау-Орал» жолының құрылысына қатысты оймен бөлісті. 

Оның атап өтуінше, жолдың 184 шақырымы Атырау облысынан өтеді. Биыл жолдың жобасы әзірленіп, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. 

Қазіргі уақытта жолдың Атырау облысына өтетін бөлігін салуға 100 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. 

Бұл қаржының 90 млрд теңгесі басқа жобалардан босап та тұр. 

Ал Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жол құрылысына тартылған мердігер компаниялар келісімшарт жасасқаннан бері дизель, құрылыс материалдары бағасы көтеріліп кеткендігін алға тартып, осыған байланысты Үкімет тарапынан қандай іс-шаралар қабылданатындығын сұрады. 

Осы сауалға жауап берген министрдің айтуынша, Атырау облысындағы жол құрылысына қажетті қаражат толық көзделген. 

Оның 15 пайызы мемлекет тарапынан, бюджеттен бөлінсе, 85 пайызы халықаралық қаржы институттарынан тартылады. 2022 жылға қаражат нақты көзделген. 

Ал 2023-2024 жылдарға қажетті қаражат республикалық бюджетті қарау барысында ескеріледі. 

Қоғамдық талқылауға қатысушылар жалпы құрылыс саласындағы жемқорлықтың алдын алу мәселелерін де көтерді. 

Осы орайда министр саладағы жемқорлықты жоюдың бірден-бірі жолы цифрландыру екендігіне назар аудартты. 

«Елімізге ең қауіптісі – жемқорлық. Оны біреулерді ауыстырып, жаңа адамдарды тағайындау арқылы жеңе алмайсыз. Жемқорлықтың алдын алудың 2 жолын көздеп отырмыз. Біріншіден мемлекеттік сараптама институтында онлайн калькулятор жасадық. Өңірлерде бұрын салынған ауруана, мектеп құнын ескере отырып, жаңа нысан бағасы одан аспауы тиістігін компьютер ескертеді. Екіншіден, Үкімет басшысына шекті бағаға қатысты ұсынысымызды дайындап отырмыз. Яғни, бізде ауданда қандай аурухана не мектеп салатындығы бәрбір. Бірақ оның шаршы метрді белгіленген сомадан аспауы тиіс. Сонымен қатар «Е-құрылыс» деген ақпараттық жүйені жасадық. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Биыл іске қосылады», - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Сондай-ақ іс-шара барысында Индустрия вице-министрі Берік Камалиев бір шақырым жолға қанша қаражат жұмсалатынын түсіндіріп берді. 

«1 шақырым жолға жұмсалатын қаражат көлемі оның санатына байланысты болады. Мәселен, 1-санаттағы жолдардың 1 шақырымына бізде 4 млн долларға дейін жұмсалады. Ал 1 шақырымына 1 млн доллар шығындалатын жолдар 3-санатқа жатады. Жолдардың қандай санатта болатындығы олармен өтетін көліктер санына байланысты. Айталық, ол жолмен тәулігіне 10 мың көлік өтетін болса, онда мұндай жол 1-санатты болуы және 4 жолақ салынуы тиіс. Мысалы Атырау-Орал жолы, Атыраудан Доссорға шығатын жол 1-санатты болуы тиіс. Ақтөбеден Қандағашқа баратын 110 шақырымдық жол 1-санатты болады. Ал 2-санатты жолдарға кететін шығын 2,5 млн долларға дейін жетеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта жол жабындысының қалыңдығына қатысты өзгерту енгізілген. 

Кезінде Алматыдан елордаға салынған жолдың қалыңдығы 40 сантиметр болған. 

«Қазір жолдардың қалыңдығын 80 сантиметрге жеткіздік. Жол табанын төсетеміз, үш қабат асфальт төсетеміз. Сондықтан жолды салуға кететін қаражат осыларға байланысты», - деді вице-министр.