15 ақп, 2021 сағат 11:53

Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 250-ден астам адам коронавирус жұқтырған

Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 252 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 11-14 ақпан аралығында тіркелгендердің 175-інде ауру белгілері болса, қалған 77-сінде симптомы жоқ.

Соның ішінде ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 130, бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған 93, профилактикалық мақсатта қаралған 22, стационарға емдеуге жатқызу алдында сынама алынған 7 адамнан індет табылды.

Төрт күнде сырқаттанғандардың 151-і, яғни басым көпшілігі Орал қаласында анықталған.

Сондай-ақ Бөрлі ауданында 28, Бәйтеректе 26, Теректіде 17 адамның ауырғаны белгілі болды.

Індет басталғаннан бері облыста 12 124 науқас тіркеліп, соның 9 682-сі жазылып шықты. 199 адам қайтыс болды.

БҚО «сары» аймақта тұрғанымен, эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз болып отыр.