
Батыс Қазақстан облысында карантиндік шаралар қайта күшейтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың жаңа қаулысы 9 сәуірден бастап күшіне енеді.
Қаулыға сәйкес елді мекендер аумағында халықтың қозғалысы сағат 00.00-ден бастап 06.00-ге дейін шектеледі.
Облыс тұрғындары жеке көліктерімен шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге, дәріханаға баруы керек болса, сондай-ақ түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар «109» телефоны бойынша өтінім қалдыруы немесе http/www.STOPCOVID.KZ. сайтына тіркелуі тиіс қажет.
Контингенті 300 оқушыға дейін ауыл мектептерінде бала санын 15-тен асырмай оқытуға рұқсат беріледі.
Білім беру әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда жеке оқытуға болады.
Жалпы білім беретін мектептерде мектепалды және 1-5 сыныптар, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарда бала санын 15-тен асырмай, аралас оқытуға болады. Оқу бітіретін сыныптар аптаның алты күні ішінде пәндердің 70 пайызын штаттық режимде, 30 пайызын қашықтан оқиды. Мұнда да бала саны 15-тен аспауы тиіс.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында 1 курс студенттері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, практикалық және зертханалық сабақтарды ғана оқып, қашықтан білім алуға көшіріледі.
Сауда үйлері мен орталықтары жұмыс күндері сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін, сенбіде 10.00-ден 17.00-ге дейін ашық болады. Жексенбі күндері жұмыс жасамайды.
Сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін азық-түліктік емес тауарлар сататын дүкендер де жексенбі күні қызметін тоқтатады.
Азық-түлік дүкендері (соның ішінде минимаркет, алкомаркет, сыра сататын орындар) сағат 08.00-ден 23.00-ге дейін көкөніс пен жеміс-жидекті қоспағанда, азық-түлік өнімдерін тек өлшеп оралған күйінде сатады.
