
Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жүк көліктері жолда қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 8 наурыз күні облыс жолдарында болды.
Сағат 17.30-да Сырым ауданы аумағында Самара-Шымкент жолында Ақтөбе бағытында кетіп бара жатқан жүк көлігінің сынып қалғаны жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына №14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жедел жетті.
Кейін анықталғанындай, Самара-Шымкент жолының 490-шақырымында 3 жүк көлігі жол жиегіне түсіп кеткен. Жүргізушілер эвакуациялаудан бас тартты.

Бүгін сағат 11.15-тегі мәлімет бойынша Самара-Шымкент жолының 490-522 шақырымы аралығында жол жиегіне түсіп кеткен 5 жүк көлігі қалып отыр.
Оның біреуі техникалық ақауына байланысты тұр. Қазіргі уақытта жүргізушілерге көмек көрсетілуде.

Кеше сағат 22.00-де боранға байланысты жабылған Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолының 80-шақырымында Тасқала ауданы Бірлік ауылы тұсында 12 жүк көлігі және жүк тиеген 3 «ГАЗель» көлігінің тұрып қалғаны белгілі болды. Құтқарушылардың бақылауымен көліктер жолға шықты.
Сағат 23.49-да Орал қаласы аумағында Деркөл-Белес ауылдық жолында Кардон елді мекені тұсында құтқарушылардың күшімен (2 адам, 1 техника) 3 жеңіл көлік тазартылған жерге шығарылды. 13 адам құтқарылды, соның үшеуі – балалар.

БҚО ТЖ департаменті қысқы кезеңде жолда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салады.
Жолдың жағдайын «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады. Құтқарушылар көмегі қажет болған жағдайда 112 телефонына хабарласу керек.






