19 нау, 2021 сағат 14:55

Батыс Қазақстанда бірнеше автокөлік соқтығысып, жүргізуші жарақат алды

Батыс Қазақстан облысында бірнеше автокөлік соқтығысып, жүргізуші жарақат алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 наурыз күні шамамен сағат 12.07-де Бөрлі-Ақсай жолында болды. 

«Ниссан» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі басып озамын деп, «КамАЗ» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Содан кейін «Ауди» және «Тойота» автокөліктерімен түйіскен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ниссан» жүргізушісі түрлі жарақат алды.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, миы шайқалған жүргізуші Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Оған қоса иық сүйегі сынған, қос тізесінен жарақат алған. Ер адамды одан әрі емдеу үшін облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстырады.