31 нау, 2021 сағат 16:21

Батыс Қазақстанда 434 баладан коронавирус табылды

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 434 баладан коронавирус табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, күні бүгін соның 364-і жазылып шықты.

Сондай-ақ биыл білім беру мекемелерінің 208 қызметкері вирус жұқтырса, соның 155-і емделіп шықты. 

Осы кезге дейін облыста барлығы 15048 адам ауырса, соның 12241-і жазылды. 240 адам көз жұмды.

Өткен тәулікте 96 адамның сырқаттанғаны белгілі болды. Алдыңғы аптамен салыстырғанда, жұқтыру деңгейі 6 пайызға өсіп отыр.

Жыл басынан бері 5827 адам тіркелсе, соның 3567-сі немесе 61,2 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында 685 (11,7 пайыз), Бөрліде 568 (9,7 пайыз) адам ауру жұқтырған.

Қазіргі таңда 8 инфекциялық стационарда 363 адам, соның ішінде 17 адам жансақтау бөлімінде жатыр. 

«Облыста коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін түскен партиядан (5250 доза – бірінші, 4250 доза – екінші компонент) 5174 адам вакцинаның бірінші компонентімен егіліп үлгерсе, соның 1092-сі – ұстаздар, 244-і – құқық қорғау органдарының өкілдері. Сондай-ақ 1025 адам екінші компонентін алды», деп хабарлады БҚО денсаулық сақтау басқармасы.