24 ақп, 2021 сағат 12:40

Батыс Қазақстанда 24 елді мекен электр жарығынсыз қалды

Батыс Қазақстан облысында 24 елді мекен электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сегіз ауданда барлығы 3112 абонент жарықсыз қалды.

Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында - 1596 абонент, Қазталовта - 260, Ақжайықта - 523, Жаңақалада - 96, Теректіде - 396, Шыңғырлауда - 14, Сырымда - 45, Бөрлі ауылдарында 182 абонент тосын жағдайға тап болды.

БҚО ТЖ департаментінде жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қиын жерлерге шұғыл көмек жіберілуде.

Боранға байланысты республикалық және облыстық маңызы бар 11 жол жабылды.

Тасқала, Ақжайық және Бәйтерек аудандарында 21 техника қар құрсауында қалды.

Кешеден бері далада және қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін көмек жұмыстарына 77 адам, 50 техника тартылған.