21 қаз, 2021 сағат 18:07

Басқалар үшін санақтан өтуді талап етеді: Ұлттық бюро ақпаратты жоққа шығарды


Әлеуметтік желілерде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қазақстандықтардың ЖСН деректер базасы арқылы басқа адамдар үшін халық санағынан өтеді деген хабарлама тарап жатыр. Ұлттық статистика бюросында осы ақпаратқа түсініктеме берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақпарат Qumash Telegram каналында пайда болды.

"Квазимемлекеттік сектордан келген аты-жөні белгісіз адам басқа Қазақстан азаматтарының орнына онлайн-санақтан өтуге мәжбүр болатынын айтты. Оларға ЖСН, жеке куәлік нөмірлері, мекенжайлары бар файлдар жіберіледі. Әр қызметкер 400 қазақстандықтың атынан санақтан өтуі керек", - деп хабарлады арна авторлары әлеуметтік желілердегі хат алмасудың скриншоттарын тіркеп.

Ұлттық статистика бюросы мұндай талап қойылмағанын айтып, ақпаратты жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде адамдардан басқа азаматтар үшін санақ сауалнамасын толтыруды сұрайтыны туралы ақпарат тарап жатыр. Ұлттық статистика бюросы тарапынан мұндай талап қойылмағанын ресми түрде мәлімдейміз» дейді бюроның баспасөз қызметі.

Мұндай фактілер анықталған жағдайда sanaq.gov.kz сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласу керек.

Азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығына заңмен кепілдік беріледі.

«Ел азаматтарының көптеген өтініштері бойынша бюро тарапынан онлайн санақты қайта қосу туралы шешім қабылданды. Ол халық санағының соңына дейін қолжетімді болады. Еліміздің барлық тұрғындарын маңызды іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз» делінген бюро таратқан мәліметте.