08 сәу, 2025 сағат 11:15

Балалар денсаулығы үшін: жаңа медициналық ұшақ алғашқы миссиясын орындады

Фото: ДСМ

Бүгін дәрігер мен фельдшерден тұратын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобильдік медициналық авиация бригадасы "Аlaman Air" әуекомпаниясының жаңа Bombardier Challenger CL-600-2B19 ұшағымен пациентке Кореяға ұшып кетті, деп хабарлайды Ult.kz.

Бригада туа біткен жүрек кемістігі диагнозы қойылған 4 жасар баланы Сеул қаласынан (Оңтүстік Корея) Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығында одан әрі емдеу үшін Алматыға тасымалдауы қажет. Жаңа турбореактивті мамандандырылған ұшақ ауыр жағдайдағы пациенттерді алып жүруге арналған екі медициналық модульмен жабдықталған. 

Бұл рейс қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін ең жаңа әуе кемесін пайдалану арқылы адамдардың өмірін сақтаудағы маңызды қадам болды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің авиакомпаниялармен инвестициялар туралы келісімі аясындағы әріптестік шеңберінде тозған ұшу техникасын жаңа борттарға ауыстыру жүріп жатқанын естеріңізге сала кетейік.  

Қазіргі заманғы борт ҚР бүкіл аумағы бойынша өңіраралық тоқтаусыз рейстерді, сондай-ақ пациент-азаматтарды шетелдік клиникалардан тасымалдау бойынша халықаралық рейстерді орындауға арналған.