Фото:lucky-child.com
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев балабақшалардың уақытын жұмыс істейтін ата-аналарға ыңғайластыруды сұрап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейтін ата-аналардың балаларын 19.00-ге дейін қарайтын кезекші топ жасақтау керек деп санайды.
"Мұндай тәжірибе Астана қаласындағы кейбір балабақшаларда бар. Кешкі уақыттағы кезекші топтарды елордадағы барлық балақшада ұйымдастыру керек деп санаймыз. Мұндай қадам баласына алаңдаған ата-аналардың жұмысын жеңілдететін еді. Біздің мемлекеттің басты құндылығы – адам болса, онда адамдарымызға ыңғайлы жағдай қалыптастыра білуіміз маңызды. Біздіңше, ниет болса, ынта болса, бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігі ішкі ережелері арқылы реттеуіне әбден болады деп ойлаймыз. Сондықтан министрден дұрыс шешім қабылдауын сұраймыз", -дейді Дәулет Мұқаев.
Депутат келтірген статистика бойынша Астана қаласында 68 706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 100-і мемлекеттік балабақша болса, 477-і және 3-і ведомстволық болып саналады. Жалпы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 81 пайызды құрайды.
Астана қаласының білім басқармасының ақпаратынша, 2030 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Осындай кешенді жұмыстар арқылы балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуді жоспарлап отыр екен.
"Расында, елорданың әкімшілік территориясы кеңейіп, халық саны жыл сайын арттып, сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – балабақша, мектеп, мәдениет және спорт кешендерін салу міндеті туындап тұр. Бұл – үлкен мәселе. Менің айтпағым, басқа мәселе. Дұрысы, астаналықтардың талап-тілегі тұрғысында қарастырғым келеді", -дейді депутат.
Еліміз бойынша мемлекеттік және бюджеттік қызметте ең көп жұмыс істейтін, ол – астаналықтар екенін айтқан депутат Астана қаласындағы мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңға жуық азамат жұмыс істесе, бюджеттік мекемелерде 100 мыңдап саналатынын айтып отыр. Олар баласын балабақшадан алу үшін күнделікті жұмыстан ерте кетуге сұранады, сөйтіп қызметкерлердің жұмыс өнімділігі төмендеуі мүмкін.
"Ең қиыны, дәл осы уақытта елордада жол кептелісі күшейіп, көлікті тізгіндегендер балабақшадағы баласына ертерек жету үшін асығыс айдайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жататыны тағы анық", -деп отыр депутат Мұқаев.