11 қар, 2024 сағат 16:34

Бағдат Мусин программистерді "фиксиктер" деп атап, мерекемен құттықтады

Фото: ашық дереккөз

Бағдат Мусин Instagram парақшасында IT саласындағы еңбек жолы туралы айтып, цифрлық жобалармен 2000 жылдан бері айналысып келе жатқанын және бұл оның өмірінің мәні екенін жеткізді. Мусин студенттік кезінен бері сайттар жасап, стартаптар іске қосып, цифрлық бастамаларды дамытуды жалғастырып келе жатқанын атап өтті және осы салада қызмет етіп жүрген барша IT мамандарын Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күнімен құттықтады.

Мусиннің айтуынша, ол көп жыл бұрын болашақта тоңазытқыштар өздігінен тамаққа тапсырыс беретінін, көліктердің ұшатындығын болжаған. Бүгінде бұл идеялар біртіндеп шындыққа айналуда. "Қазақтелеком" басшысы қазақстандықтарды үлкен жетістіктерге ұмтылып, үнемі жетілуге шақырды.

Сонымен қатар, Қазақстандағы спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин программистерді "фиксиктерге" теңеп, оларды көпшілік үшін көрінбейтін, бірақ технологияны ілгерілететін және түзететін шеберлер деп атады.

"Олар бір нәрсені жөндегісі, түзеткісі келеді, қазақстандықтар үшін, жалпы еліміздің және әлемнің тұрғындары үшін жақсы дүние жасағысы келеді. Мен шын жүректен олардың идеялары жүзеге асып, әрбір қазақстандықта сондай үлкен шабыт болуын тілеймін. Қалғаны Алладан, бастысы алға қадам басу, әрекет ету және өз іс-әрекеттеріңді жетілдіру," - деді Бағдат Мусин.


Бұған дейін Бағдат Мусин отбасындағы ерекше дәстүр туралы айтқанын жазғанбыз.