15 ақп, 2021 сағат 15:10

Аз қамтылған елорда тұрғындары автобуста тегін жүруі үшін 3 млрд теңге бөлінеді

Елордада әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұлғалар қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін 3 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб айтты, деп хабарлайды ҚазАқапарат.

«STC әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қоғамдық көлікте жүруге арналған карталар береді. Олар валидация жасау есебінен қоғамдық көлік бағдарларында қатынайтын болады. Мұндай картаны зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар тегін алады. Атаулы карта STC компаниясынан беріледі», - деді ол елорда мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында. 

Оның атап өтуінше, STC компаниясы да іс жүзінде әкімдікке аталған санатқа кіретін адамдардың қоғамдық көлікте тегін жүргенін көрсететін 3 млрд теңгенің валидациясын ұсынады. 

«Олар мұны тізіммен нақтылап отырады», - деді Илья Скуб.