22 қыр, 2021 сағат 18:31

Айбыны тасыған алау сезімдер



Әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 індетінің біздің елімізде де белең алуына орай, биылғы VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жиыны өткен жылғыдай онлайн-форматта ұйымдастырылып өткізілетіндігі белгілі болды. Аталған әскери-патриоттық жиынның өткізілуі қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшілігімен  Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерлік сабағы өткізілді.

Короновирус инфекциясына қарсы санитарлық талаптарды сақтай отырып, Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны тақырыбына арналған «Батылдық! Ептілік! Мықтылық!» атты ерлік сабағын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Медетов Нұржан Қасқырбайұлы ашып берді. Алдымен «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі,   Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналы Кенжебеков Тілек Алшымбекұлы сөз алды. Бас қосқан ортада жетекші Т.Кенжебеков Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынының тарихына терең үңіліп, қандай мақсатта ұйымдастырылып өткізілетіндігіне көңіл бөлді. Өз ойын одан әрі өрбіткен клуб жетекшісі Тілек Алшымбекұлы: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:«ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастау керек»-деген болатын. Сондықтан да, сіздерге нағыз өз Отанының шынайы патриоты болуы үшін сабақты үздікБ бағамен үлгеріп, өнегелі тәрбиемен болашақта Тәуелсіз Қазақстанның саналы азаматы болып қалыптасуға ұмтылу қажет!» -деп, сөйлеген сөзін қорытындылады.


«Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мектеп оқушыларының қатарынан жасақталғандықтан, ерлік сабағын өткізу барысында іс-шара куәгерлеріне Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысқан және мектеп оқушыларының жеңісті жолдарына арналған естелік бейнежазба көрсетілді. Естелік бейнежазбада «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубына Республикалық «Айбын-2018» әскери-патриоттық жиынында алғашқы жеңіс сыйлаған Алтынай Қаланбай, клубтың алғашқы капитаны Нұрхан Алшымбеков және 2019-2020 оқу жылын «Алтын белгі» төсбелгісімен тәмамдаған озат оқушы, клуб тәрбиеленушісі Сәулет Исаевтың есімдері қамтылған.   

Аталған іс-шараға мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен                          «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері тартылды. «Батылдық! Ептілік! Мықтылық!» атты ерлік сабағын өткізу барысында              9 «а» сыныбының оқушылары қатарынан Маржан Алшымбекова, Қайыржан Ергешов, Айнұр Оралханова, клуб тәрбиеленушілерінен Мейрамбек Абдурахман мен Байназар Назгүл асқан белсенділік танытты.


Жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген ерлік сабағының қорытындысында мектеп оқушылары бірауыздан онлайн-форматтағы              VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жиынына қатысатын     «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне сәттілік тіледі.

 

 

«Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының

тәрбиеленушісі Балауса Ерғалиева

 

Суретті түсірген: Думан Құрманғалиев

                                              Приазерск горнизонының баспасөз қызметінің бастығы