20 мау, 2019 сағат 08:53

«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны. Лебіздер мен пікірлер

"Егемен Қазақстан" газеті V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны туралы пікірлер топтамасын жариялады.

Мемлекеттік маңызды жиын

Жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге қызығушылығы жыл­дан-жылға артып келеді. Осы орайда, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың болашақта Отан қорғауға әзірліктерін пысықтауға, жалпы, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуге зор ық­палын тигізеді.

Еліміздің егемендігі, ішкі тұрақты­лығы болашақта осы өрімдей жастарға сеніп тапсырылады. Отан қорғау – нағыз ердің ісі. 

Мен бұл істе мектептерде оқыты­латын алғашқы әскери дайындық пәндерінің сапасын арттыру керек деп есептеймін. Өйткені қолда бар деректерге қарағанда, оқу орындарында бұл пән қазір салдыр-салақ жүр­­гізілуде. Сондықтан алғашқы әс­кери дайындықтың әліппесін қыз­мет­тік, өмірлік тәжірибесі мол, кезінде жоға­ры даярлықтан өткен еңбек дема­лы­сындағы генералдан басталатын офицерлерге тапсыру қажет деп ойлаймын. Ардагерлердің әлеуетін пайдаланудан барлық тараптар да ұтылмайды. 

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

Халық Қаһарманы, Армия генералы, «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы

Күн тәртібінен түспейтін мәселе

«Айбын» әскери-патриоттық жиы­ны біздің жас ұландарға мейлінше қажет және олардың рухын көтеретін іс-шара деп есептеймін. Бұл жиын жылдан-жылға жоғары деңгейде өтуде. Биыл Мемлекет басшысы, Қазақ­стан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың арнайы қатысуы аталған шараның маңызын арттыра түсті. Бүгін сапта тұрған жас сарбаздар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Сондықтан да Мемлекет басшысының айтқан сөздерін жастар құлақтарына құйып өсіп, ертеңгі күні нағыз ержүрек жауынгерлерге айналарына кәміл сенемін.

Жалпы, биылғы «Айбын» Елбасы жария­лаған Жастар жылының ең ма­ңызды шараларының бірі деп есептеймін. Халқымыздың жадындағы «Ерім дейтін ел бол­маса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген қанатты сөз осындайдан туса керек.

Әскери қатал тәртіпті, адалдықты, жолдас­тық сезімді осындай іс-шара­лар­дан бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірлік жолында қандай да болсын қиындықтарды оңай еңсереді. Сондық­тан да, «Айбын» – ұлттың қамы, бола­шақтың баянды болуының кепілі.

Бақтияр МӘКЕН,

Мәжіліс депутаты, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы

Ертеңіміз – жастармен

Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз. Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтініміз анық. Жастарды рухани кемелдендіру, физикалық тұрғыда, патриоттық рухта тәрбиелеу – ұлттық құндылықтардың, ұлт саулығының, кемел келешектің кепілі болмақ.

Ал жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиынына Қарағанды политехникалық кол­леджінің «Бүркіт» әскери-патриот­тық клубынан 15 ұлан қатысып жатыр. Бұл клубтың тәрбиеленушілеріне Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қамқорлық көрсетеді.

Орайы келгенде айта кетелік, ел қор­ғаны болуға қабілетті ұрпақ қа­лып­тастыру мақсатында 2002 жылы әскер басшылығының қолдауымен орта мектептерде «Жас бүркіт» кадет қозғалысы құрылған еді. Дарынды да озат оқушылардан жасақталған кадет сыныптарында, міне, 17 жылдан бері әскери-патриоттық тәрбие жұмысы жемісті жүргізіліп келеді. Жалпы, елі­нің тағдырына бейжай қарамайтын із­басарлар, жер қорғаны болар жауынгерлер дайындауда Ұлттық ұлан өскелең ұрпаққа әрдайым қолдау көрсетеді.

Қанат БЕЛЯКОВ,

полковник, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары

Тәрбиенің бірегей алаңы

Дәстүрге айналған «Айбын» әс­кери-пат­риоттық жиынының ашылуы­на Президенттің қатысуы Қарағанды жұрт­шылығын қуантты. Бұл – жастарды Отанымыздың қорғаушысы болуға шақыратын бірегей алаң. Сол себепті, осындай іс-шараға назар аудару жас­тарымызды жігерлендіріп, оларға күш береді. Мемлекет басшысы өзі айтып кеткендей, біздің ертеңіміз – жастардың қолында.

Бүгінгі жастар өте алғыр, жалынды. Олар қоғамның дамуына жә­не жаң­ғыруына септігін тигізуде. Сол себеп­ті жастардың бойында отан­шыл­дық рухты қалыптастырып, тәр­бие­леуге ай­рықша көңіл бөлінгені бар­лығымыз үшін қуанатын жайт. Бүгінде жастар мем­л­екет басқару ісіне де араласып жа­тыр. Қ.Тоқаев ант беру рәсімінде айтып кеткендей, Президенттік кадрлық резерв­тің құрылуы олардың көңіліне медет беріп, келешекке сенімді қадам басуға итермелейді.

Ал осындай іс-шаралар  арқылы жас­тар­ға отаншылдықты, патриоттықты үйретеміз. Отанымыз – басты байлығы­мыз. Оны қорғау – әр азаматтың міндеті. Сондықтан бұл құндылықты жастардың бойына ерте бастан сіңіру керек.

Қадиша ОСПАНОВА,

«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Әскердің біз үшін мәні жоғары

Шынында да, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарсыз ел болаша­ғын көз алдыңа елестету тіпті де мүм­кін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Пре­­зи­дентіміз жариялаған Жастар жылы бастамасын баянды етудің бар­лық жолдарын қарастырып, өзінің бағ­дар­ламасында айтылған «Сабақтастық» ұстанымына айрықша маңыз беріп отыр.
Иә, бүгінгі жастың сеніміне бас­тар жолды ізгі ниет, қамқор пейілмен жасалған ұлы істер ғана табады. Яғни, мемлекет жас ұрпақтың мәселесіне шынайы түрде мойын бұрмайынша, күні ертеңгі мызғымастық туралы шал­қып сөйлеу үлкен әбестік болар еді. Сон­дықтан Мемлекет басшысының «Қазақ­станды болашаққа бастайтын – жастар», деуі ертеңгіні адаспай болжаған есті сөз.
Күні кеше Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз», деді. Ал өзіне үл­кен үміт артылып, сенім білдірілге­нін сезін­ген алғадай жастарымыздың ұятқа қал­дырмасы айдан анық.

Думан ӘБДІРАМАНОВ,

«Казцинк» ЖШС ашық тау-кен жұмыстары бойынша бас кенші, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты