Бүгін елордада «Ауыл» партиясы атынан президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың де республикалық қоғамдық штабында жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Штабқа партияның «Ауыл» ХДПП төрағасы Әли Бектаев жетекшілік етеді. Штабтың негізгі міндеті – тиімді сайлау кампаниясын ұйымдастыру және де үміткердің сайлауалды бағдарламасын насихаттау, түсіндіру.
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың республикалық қоғамдық штабына белгілі партия мүшелері, қоғам қайраткерлері, жазушылар және ауылшаруашылығы ғылымының өкілдері кіріп отыр. Елордада өткен жиынға Көпмағанбет Елемесов, Намазалы Омашұлы, Ақжол Мейірбеков, Дәулеткерей Кәпұлы сынды ғылым және өнер саласының қайраткерлері қатысты. Қоғамдық штабтың ресми ашылу салтанатында үгіттік кезеңдегі жоспарлар пысықталып, үгіт-насихат жұмыстарының басым бағыттары айқындалды.
«Одан кейін бір ерекше орын ол алатын жеке кездесулер. Мысалы өңірлерді аралап жүріп, оның ішінде тек ауыл, ауыл тұрғындарымен ғана емес, қаладағы өндіріс кәсіпорындарындағы, жоғарғы білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен, студенттерімен кездесіп, осы «Ауыл» партиясының идеяларын насихаттаймыз деп ойлаймыз», - дейді ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбеков.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды штабтары еліміздің барлық облысында құрылған. Соның аясында мобильді үгіт топтары жұмыс жасайды. Яғни, ондағы белсенділер жаңа кандидаттың саяси науқан алдындағы бағдарламаларын насихаттауға бағытталған іс-шараларға белсенді қатыспақ. Бұған қоса, әлеуметтік желілерді кеңінен қолданылу да көзделіп отыр. Өйткені, сол арқылы қазір әртүрлі ұсыныс-тілектерді жедел қабылдап, уақытылы жауап қатуға болады.
Қазір «Ауыл» партиясы атынан саяси науқанға қатысатын Төлеутай Рақымбековтың ақпараттық-насихат материалдары еліміздің барлық өңіріндегі штабтарға жеткізілген. Бүгінгі кеңесте үгіт-насихат топтарының әрбір мүшесіне тапсырмалар жүктеліп, алда атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді.