Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов
Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе әуежай құнына байланысты әуе билеттерінің қымбаттауы туралы желіде пайда болған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz, Sputnik.kzке сілтеме жасап.
Өз мәлімдемесінде Косе Қазақстан әуежайлары авиабилеттер бағасының жоғары болуына кінәлі емес екенін айта келіп, авиация саласы жұмысын түсінуге шақырды.
Әуе билеттерінің қымбат болуына әуежайлар жауапты емес, дейді Гокер Косе.
"Біріншіден, әуежайлар, соның ішінде халықаралық Алматы әуежайы авиабилеттерге жоғары баға қалыптастыруға қатыспайтынын атап өту қажет. Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI World) атап өткендей, әлемдік ауқымда әуежайлық алымдар авиакомпаниялардың жалпы шығындарының тек 4% -ын құрайды", - деп атап өтті әуежай президенті.
Оның айтуынша, еліміздің нарығында Қазақстанның ішкі авиакомпаниялары Азиядағы ең төмен әуежайлық алымдардың бірін пайдаланады, бұл елдің авиациялық секторы үшін айтарлықтай бәсекелестік артықшылық болып саналады.
Косе атап өткендей, билеттердің құнына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – авиациялық отынның бағасы. Алайда әуежай президенті Қазақстандағы ахуал жалпыәлемдік жағдайдан жаман емес екенін атап өтті.
"Авиакомпаниялар шығындарды басқарудың түрлі тетіктерін пайдалана отырып, билеттердің бағасын оңтайландыра алады. Бұл ретте әуежайлардың қаржылық жағдайының нашарлауы авиакомпаниялар үшін де, соңғы жолаушылар үшін де жағдайды жақсартуға ықпал етпейді. Біз барлық мүдделі қатысушыларды, оның ішінде мемлекеттік органдарды саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдерді іздеуге шоғырландыруға шақырамыз. Ол үшін әуежайлардың азаматтық авиацияны дамытуға қосқан үлесін қоса алғанда, барлық аспектілерді ескеру және кешенді және орнықты шешімдерді әзірлеу үшін сындарлы диалогта жұмыс істеу қажет", - делінген Косе мәлімдемесінде.
Соңғы үш жылда Алматы әуежайындағы жаңа терминал мен нысандардың құрылысына 200 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салынған.
"Нәтижесінде 2024 жылы біз рекордтық 11,4 миллион жолаушыға қызмет көрсеттік, жаңа бағыттарды аштық және жаңа авиакомпанияларды тарттық. Бұл барлық мүдделі тараптармен ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайы Қазақстанның авиациялық саласын дамытуға байланысты мәселелерді шынайы және ашық талқылауға дайын және нарықтың барлық қатысушылары мен жолаушылардың игілігі үшін жұмыс істеуін жалғастыра береді", - деді Косе.