
Еліміздің 7 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл жайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның атап өтуінше, 2021 жылғы 10 наурызда «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 7 өңірде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында дауылды ескерту жарияланды.
«Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (боран, қар, нашар көріну, көктайғақ) 6 өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесі және 51 облыстық маңызы бар учаске жабылды. Олар: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары», - деді Талғат Уәли.
Министрлік мәліметінше, Батыс Қазақстан облысындағы беккеттерде 253 жүк және жеңіл автокөлік тұр. Шұғыл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жол қызметтерінен, жергілікті атқарушы органдардан барлығы 423 адам және 301 техника жұмылдырылған.
Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 15 СМС-хабарламаны таратылып, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 17 хабарлама жіберілген. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін өңірлерде «Жедел байланыс желісі» жұмыс істейді.
