04 там, 2021 сағат 14:35

Атырауда көпқабатты үйде лифт құлап, бір адам мерт болды


Атырауда көпқабатты үйде лифт құлап, бір адам мерт болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқыс оқиға бүгін, 4 тамызда сағат 10:00 шамасында болған. 

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. 

Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіні бөлшектеу кезінде екі қызметкер лифт шахтасына құлап кеткен. 

Оқиға орнында 40 жастағы адам мерт болған. 

Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, «Ардагер» тұрғын үй кешенінде лифт кабинасы 15-қабаттан құлаған. 

«Сол кезде «Лифт Инвест» ЖШС-ның екі қызметкері лифтіде жөндеу жүргізіп жатқаны анықталды. Оның бірі – 40 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал, екіншісі – 1987 жылғы жігіт ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Екеуі де – Алматы облысының тұрғындары» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Оқиға орнында төтеншеліктердің 3 қызметкері мен 1 техникасы, полиция департаментінің 3 қызметкері, 1 техникасы жұмылдырылды.