
Атырауда 8 күнде 833 адам вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Спутник V» вакцинасын салдырғандар қатары көбейген. Қазір коронавирус инфекциясына қарсы екпе арнайы ашылған 24 орында салынып жатыр.
«Атырау облысында 1-8 ақпан аралығында вакцина алғандар 833 адамға жетті. Оның ішінде 794 медицина қызметкері бар. Сондай-ақ, 7 ауданнан денсаулық саласының 237 қызметкері ерікті түрде вакцина салдырды. Ал облыстық санитариялық -эпидемиологиялық қадағалау департаментінің 30 маманы мен 9 мемлекеттік қызметкер де індетке қарсы екпе алды. Еріктілерге вакцина салу жалғасып жатыр», - деді басқарма басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.
Оның айтуынша, вакцина салдырғаннан кейін ауруханаға түскен жағдай тіркелмеген. Екпе алғандарда жанама әсер байқалмаған.
