01 сәу, 2024 сағат 15:58

Астанада жасырын насыбай өндіретін жерасты цехтар анықталды

Фото: Астана қалалық әкімдігі


Елордада 18 наурыздан бері вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жалғасып жатыр. Рейдтік іс-шаралар басталғаннан бері 800-ге жуық сауда орны тексерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мәлім болғандай, шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын іздеу барысында 160-тан астам факт анықталған. 


Акцияның мақсаты – вейпке, темекі өнімдеріне және насыбайға тәуелді елорда тұрғындарының санын азайту.

Рейдке белгілі ММА жауынгері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы Василий Тахтай қатысты.


«Біз білетіндей, бүгінгі таңда темекі өнімдері мен насыбайды пайдалану біздің қоғамда өзекті мәселе болып саналады. Бүгінде кәмелетке толмағандарға насыбай мен басқа да темекі өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында рейд жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – бұл мәселені жою және жастарды салауатты өмір салтына бағыттау», - деді Василий Тахтай.


Іс-шара барысында дүкен сатушыларына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


«Осы жылдың 18-29 наурызы аралығында біз насыбай мен темекі өнімдерін заңсыз сатуды анықтау бойынша рейд жүргізіп жатырмыз. Іс-шара барысында Асфендияров, Әнет баба, Сығанақ, Р.Бағланов, Ұлы дала, Қайым Мұхамедаханов, Отырар және Үркер тұрғын алабы, Исатай батыр көшелерінде орналасқан 147 дүкен бойынша насыбай мен снюсті заңсыз сату бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 6 дүкен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Нұра ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің маманы Бектемір Жолдасқажиев.


Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Есірткі мен қазақстандықтардың денсаулығына зиянды басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.Насыбай мен снюстің заңсыз таралуын анықтау бойынша рейдтер елорданың барлық аумағында жүргізіліп жатыр.