30 қыр, 2024 сағат 11:56

Астанада бесінші қабаттағы балкон құлап кетті


Астанада көпқабатты үйдің бесінші қабатынан балкон құлап кетті. Балконда тұрған әйел құлап кете жаздап, темір тордан ұстап үлгерген, деп хабарлайды «Патриот». Балконның плитасы төртінші қабаттағы балконға құлаған. Абырой болғанда, сол сәтте онда ешкім болмаған. Оқиға Григорий Потанин көшесіндегі көпқабатты үйде болған.

Үй тұрғындарының айтуынша, Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бірнеше бөлікке бөлініп кеткен ауыр және үлкен балкон плиталарын тиеп алып кетуден бас тартқан. Олар балкондарды тұрғындардың жеке меншігі деп мәлімдеген.

ТЖД салдарын жоюды тұрғындарға және КСК-ға жүктеген. Алайда, КСК «Патриотқа» берген жауабында, балконның құлауы салдарын жою олардың міндеттеріне кірмейтінін айтқан. Енді зардап шеккен көршілер мәселені өздері шешуге мәжбүр.