
«Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын қардан тазарту жұмыстарының мерзімі тағы ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауа райы жағдайына байланысты Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы қардан тазарту жұмыстарына орай ұшып-қону жолағы түнгі сағат 03.00-ге дейін жабық болатынын хабарлайды. Жолаушыларды әуежайдың атқарып жатқан жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Жолаушыларымыздың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің барлығы жасалуда. Толық ақпаратты әуежайлардың және авиакомпаниялардың Call-орталықтарында алуға болады», - деді «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.
Сондай-ақ ол «Франкфурт – Нұр-Сұлтан» рейсі Алматы қаласының қосалқы аэродромына жіберілгенін мәлім етті.
Еске салайық, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін алдымен, сағат 16:30-20:00 аралығында жабылды. Кейіннен бұл мерзім сағат 00.00-ге дейін ұзартылды.
Орындалуы тиіс болған бір рейс тоқтатылып, екеуі басқа айлақтарға жіберілді.
Бүгін елордада қалың қар жауып, боран соқты. Оның үстіне солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге, оқтын-оқтын 15-20 метрге дейін жетеді.
Қаладан шығатын барлық бағыттағы жол жабылды.
