10 мау, 2017 сағат 15:33

«Әскери керней» фестивалі

2017 жылғы 9-10 маусым күндері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Бас жүлдесі үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында дәстүрге айналған өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдері арасында әскери оркестрлердің VІ Халықаралық «Әскери керней» фестиваліне іріктеу кезеңі өтті.

Байқау-конкурстың алғашқы күні Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери оркестрлері түрлі жанрдағы отандық сазгерлердің халықтық, эстрадалық және классикалық туындыларымен бірге шетелдік атақты композиторлардың да белгілі шығармаларын орындаудан, қозғалыста жауынгерлік парад-дефиле көрсетуден және плац-концерт беруден бақ сынасты.

Байқау-сайыстың екінші күні өңірлік қолбасшылық әскери оркестрлері және Ұлттық ұланның «Генерал» музыкалық аспаптар тобы Алматы қаласындағы 28-гвардияшы-панфиловшылар паркінің «Мәңгілік Даңқ» мемориалының алдында плац-концерт ұйымдастырып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген плац-концерт Ұлттық ұланның 25 жылдығы және Астана қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі аясында өткізілді және ондағы өнер туындыларымен қатар, әскери-қызметшілердің қоян-қолтық ұрыстан танымдық көрсетілімдері жиылған қауым үшін бірден-бір есте қаларлықтай дәстүрлі жарқын көрсетілім болды.

Аталған плац-концертті қала тұрғындарымен қатар Австралия мемлекетінен келген арнайы қонақтар да тамашалап, әскерилердің өнеріне тәнті болып, бірқатары оркестрлермен қосылып, бірге билеп те жатты.

Екі күнге созылған дәстүрлі «Әскери керней» байқау-сайысының қорытындысы бойынша іріктеу кезеңінде үздік деп танылған 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі бірінші орынға ие болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Ал өздерінің керемет туындыларымен әскери қызметшілер мен қала тұрғындарын тәнті еткен Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің оркестрі екінші орынды қанжығаларына байласа, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің оркестрі де үздіктер қатарынан табылып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар сайыста 5571 әскери бөлімі оркестрінің орындаушы-солисі кіші сержант Иван Мартыненко «Үздік орындаушы-солист» номинациясында үздік деп танылса, «Үздік аспапшы» номинациясында 5513 әскери бөлімі оркестрінің аспапшысы старшина Людмила Шалунова топ жарды.

Лейтенант Ялкун Азизов, 5571 әскери бөлімі әскери оркестрінің дирижері: «Біз бұл сайысқа үлкен дайындықпен келдік. Бұл байқауда бастысы синхронды түрде саптық өнер көрсету. Музыкалық аспаптарда саптық тәсілдер мен билеу арқылы музыкалық аспаптарда өнер көрсету үлкен еңбекті талап етеді. Біз алдымызға қойылған мақсатқа жеттік деп ойлаймыз. Бұл жерде оркестр құрамының үздіксіз тынбай еңбектенген қажырлы еңбегін атап өткім келіп отыр. Бүгінгі сайыста біз түрлі композициядағы өнер туындыларымен қатар қазақтың «Саржайлау» атты айтулы әнін жүрегімізбен орындап шықтық деп ойлаймын» - деді.

Алдағы уақытта жеңімпаз деп танылған 5571 әскери бөлімі оркестрінің дирижері Ялкун Азизов жетекшілік ететін оркестр ұжымы Астана қаласында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Бас жүлдесі үшін  өтетін   Халықаралық «Әскери керней» фестивалінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.  

 лейтенант Айдос Байшағыров,

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Ұлт порталы