10 қыр, 2020 сағат 12:27

Әскердегі сарбаздар жылына екі мәрте коронавирусқа тест тапсырады

Биылғы күзден бастап мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздар жылына екі рет коронавирусқа ПТР-тестіден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы күзде көктеммен салыстырғанда әскерге шақырылушыларға ПТР-тест екі рет жүргізіледі. Алғашқысы – әскерге шақырылып, жиын-пунктінде жүрген кезінде, екіншісі – жас буын әскери бөлімдерге келген кезде алынады. Әскерге шақыру кезінде және жиын-пункттерінде әскерге шақырылушылар және медициналық комиссия мүшелері медициналық маскалармен және бактерияға қарсы құралдармен қамтамасыз етілді. Күн сайын кемінде екі рет барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларда дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Қолданылып жүрген тәжірибені ескере отырып, әскерге шақырылушыларды хабардар ету, оларды медициналық тексерістен өткізу, сонымен қатар олардың жиын-пункттерінде болулары кезінде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер қызметкерлерімен іс-қимыл жасау алгоритмдері бір ізге қойылды», - деді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов.

Оның айтуынша, әскерге шақырылушылардан респираторлық ауруға тән белгілер анықталған кезде әрекет ету әдісі қарастырылған.