24 мау, 2021 сағат 17:23

Ashyq: «Қызыл» статусы бар 600-ге жуық адам оқшаулау режимін бұзған


Ashyq жүйесі «қызыл» статусы бар 600-ге жуық оқшаулау режимін бұзушыны анықтады. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.

Ashyq жүйесі бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар барлық жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. 

10 -21 маусым аралығында Ashyq жобасы аясында жұмыс істейтін нысандарда «қызыл» статусы бар 570 және «сары» статусы бар 879 адам тіркелген. Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары «қызыл» статусы бар қалған тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі жұмысты жүргізіп жатыр. 

Еске салайық, 10 сәуірде КВИ-ға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы).