26 там, 2021 сағат 21:00

Армиялық халықаралық ойындар конкурстарында Қазақстанның әскери теңізшілері мен ҰҰА мамандары алда келеді


Армиялық халықаралық ойындардың «Теңіз кубогы» конкурсында Қазақстанның әскери теңізшілері корабльді сақтап қалу үшін әрекет етуде бірінші орынға ие болды, - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Иран кораблінің экипажы да біздің жауынгерлермен тең түсті. «Сұңқар аңшылығы» конкурсының бірінші кезеңі үш жаттығуының қорытындысы бойынша Қазақстан командасы үздік нәтиже көрсетті. Ұпай саны жағынан Ресей де біздің командамен бірге бірінші орында тұр.

Арменияда өтіп жатқан «Бейбітшілік жауынгері» конкурсына  қатысушылар «Кәсіпқой» кезеңінің екі жаттығуын орындады. Қазақстан командасының өкілі аға сержант Дархан Аслан барлығын артта қалдырып, кедергілер жолағынан 6 минут 17 секундта өтті.

Үш жарыстың қорытындысы бойынша Ресей көш бастап тұр, екінші орында Қазақстан әскери қызметшілері келеді.

«Эльбрус шеңбері» конкурсында бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Ресей командасы бірінші орында, Қазақстан екінші орында, ал үшінші орын Өзбекстанға бұйырды. Бірінші кезең барысында қатысушылар жасанды тау бедеріне өрмелеуден бастап таудағы кедергілер жолағынан өту және оқ атуды орындау сияқты бес түрлі арнайы тапсырманы орындады.

Сонымен қатар, Армиялық халықаралық ойындардың басқа конкурстары бойынша да жарыстар жалғасуда. Сайыс шарықтау шегіне жетіп, әр команданың жеңіске деген ұмтылысы артып келеді.