01 ақп, 2024 сағат 13:54

Апелляциялық сот вайнерлерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Фото: Pexels

Сот Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісі бойынша апелляциялық шағымға қатысты үкім шығарды. Сотталғандар арасында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Mudarabah Capital қаржы пирамидасының жетекшілері мен қатысушыларына қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады.

«Судьялар алқасы тараптардың өтініштері мен дәлелдерін зерделей келе, үкімді өзгерту немесе жою үшін негіздерді анықтаған жоқ. Осыған байланысты сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылған жоқ», - деп хабарлады қалалық соттан.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, былтыр маусым айында Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сот үкімі шыққан болатын. Аталған қылмысққа қатысы бар Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Сот қаулысымен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бес жылға бас бостандығынан айырылды.