Фото: Pexels.com
Қазақстанда қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы тиімді нәтижелерге қол жеткізуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Еріктілер жол құрылысы мен әлеуметтік мәселелердің шешімін бақылауға, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмауға белсенді қатысып келеді. Қазіргі таңда бұл қозғалысқа шамамен 2,5 мың адам жұмылдырылған.
Жобаның арқасында мемлекеттік сатып алуда 15,2 миллиард теңге көлемінде артық шығынның алдын алынды. Мысалы, Алматы қаласында еріктінің ұсынымы бойынша жылжымалы электротехникалық зертхананың сатып алу бағасы 45 миллион теңгеге төмендетілді. Түркістан облысында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін медициналық ұйымдарға бекіту мәселесін көтеріп, тиісті функционал енгізілді.
Сондай-ақ еріктілер автожол құрылыстарын да жіті қадағалауда. Абай облысында жол жөндеу барысында белгісіз жұмыстар анықталып, уақытылы әрекет ету нәтижесінде олқылықтар жойылды. Елордалық еріктілердің бақылауымен топырақ сапасы да жақсартылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуге және қоғамдық бақылауды арттыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда.