12 сәу, 2021 сағат 15:22

Алматының инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ - дәрігер

Қазіргі уақытта Алматының инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, жоғары медициналық колледж директоры Светлана Сұлтанғазиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, бүгінде төсек-орындардың 59 %-ы бос емес, оларда 3872 пациент емделуде, барлығы 6100 төсек-орын бар. Алматының инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ.

«Алматыда амбулаториялық ем қабылдап жатқан 6011 науқас бар, оның 1150-і симптомсыз. Жылдың басында қалада 500 науқас амбулаториялық ем алған. Яғни, қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. 

«Алматыда Анестезиология және реанимация орталығы құрылды, оған медициналық университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы кіреді. Ғылыми қызметкерлерден тұратын мобильді топ барлық инфекциялық стационарларға барады, пациенттерді тексеруге көмектеседі, емдеуді түзетеді және дәрігерлерге қашықтықтан көмек көрсетеді»,-дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Спикер қазіргі уақытта тұрғындарға қалада вакциналардың бар-жоғына алаңдаушылық тудырудың қажеттілігі жоқ екенін айтты, барлық егу пункттерінде вакцина жеткілікті. 

«Алматыға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінің 175 250 дозасы, екінші компонентінің 59 650 дозасы жеткізілді. Егу пунктінің орналасқан жерін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан, сондай-ақ 3000-505 және 1312 телефондары арқылы білуге болады. Сондай-ақ, вакцинациядан кейін температура көтерілген жағдайда осы нөмірлерге қоңырау шалу керек»,- деді ол.

Спикердің келтірген мәліметтеріне сәйкес, өткен сенбі (10 сәуір) Алматыда 11 мың адам, жексенбі күні (11 сәуір) 6140 тұрғыны вакцина салдырған. Вакцинация басталғалы барлығы 75 660 адам екпе алды. Оның ішінде екі компонентін 14 800 адам салдырған.