05 нау, 2021 сағат 12:53

Алматылық ғалымдар 51 млн теңгенің грантын ұтып алды

Алматыда Қыздар педагогикалық университеті ғалымдарының жобасы үздік деп танылып, 51 млн теңгенің грантын ұтып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Көне түркілердің дүниетанымындағы концептілер жүйесі» атты жоба 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысқан. Жобаны жасауға шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары Ақшайым Жалалова, Ақжарқын Әбуова, Нұргүл Қалиева, Ботагөз Сазаева және Әлия Задаханова атсалысқан. 

«Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру конкурсы талаптарына сәйкес деп табылды. 2021-2023 жылдар аралығында ғылымды дамытудың Білім беру және лингвистика саласындағы өзекті мәселелерді зерттеу бағыты бойынша жүзеге асырылады», – дейді жобаның ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымова. 

Жоба авторлары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көне түркілер дүниетанымындағы концептілер жүйесін анықтауды мақсат тұтып отыр. Сондай-ақ, жобаны Абайдың «Толық адам ілімі» тұжырымына сәйкестендіріп, қазақ дүниетанымындағы көрінісін негіздеу көзделген.