Фото: Pexels.com
Алматы қалалық кардиологиялық орталығында дәрігерлер жас әйелдің жүрегіндегі сирек кездесетін миксома ісігін сәтті алып тастады, деп хабарлайды Ult.kz.
Пациент орталыққа ентігу мен ауа жетіспеушілігіне шағымданып түскен. Эхокардиографиялық тексеріс нәтижесінде оның сол жақ жүрекшесінде 6×4 см көлеміндегі қатерсіз ісік анықталған.
Мұндай жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін болмағандықтан, шұғыл операция қажет болды. Кардиохирургтар ісікті алып, жүрек ішіндегі қанайналымды қалпына келтірді. Операциядан кейін әйел өзін жақсы сезініп, бір күннен соң жүре бастады. Көп ұзамай ол үйіне шығарылды.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай уақтылы диагностика мен білікті медициналық көмектің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдейді.