26 қыр, 2024 сағат 15:32

Алматыға келетін туристің жиынтық портреті жасалды

Фото: pexels.com

Almaty Tourism Bureau және Mastercard дерегінше, шетелдік қонақтардың дені 26-35 жас аралығындағы ер адамдар, олар мәдени іс-шаралар мен экотуризмді қолай көреді. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Туристер қалада 5 күндей болып, күніне шамамен 334 доллар жұмсайды. Ал 42%-ы қонақ үйге жайғасады.

Ішкі туристер негізінен 18-25 жас аралығындағы жас жігіттер. Олар көбінесе туыстарын жағалайды немесе хостелді таңдайды. Күніне шамамен 38 доллар жұмсайды, шаһарда 2 күн жүреді.

Алматыда туризм дамып келеді: жарты жылда қалаға 1,07 млн адам (+10,1%) келген, оның 302 мыңы шетелдіктер (+15,6%). Туризм секторының сегіз айдағы салық түсімі 39,5% өскен.

"Бұл мәліметтер Алматының туристік саласының тұрақты өсуін және жергілікті әрі шетелдік саяхатшылардың қызығушылығының артып жатқанын көрсетеді", - дейді әкімдіктегілер.